АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Страсбург (Франция) WTA 500 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.
Іріктеу сынының 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы қарсыласы, дүниежүзілік рейтингіде 269-орында тұрған үндістандық Анкита Райнаны айқын басымдылықпен жеңді.
Небәрі бір сағатқа созылған кездесуде 6:1, 6:0 есебі тіркелді. Юлия 8 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.
Путинцева іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 66-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгер немесе рейтингіде 257-сатыда тұрған ресейлік Вера Звонареваның қай жеңгенімен кездеседі. Финалда жеңсе, негізгі турнирге өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Португалиядағы жарыстың финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).