АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Страсбург WTA 500 турнирінің іріктеу сайысын сәтті өткізді.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 66-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгердің мысын басты.
Бірінші партияда Путинцева бет қаратпады - 6:1. Екіншісінде Крюгер артығымен есе қайырды - 6:0. Үшінші, шешуші сетте Юлия жеңісті жұлып алды - 6:3.
Бір сағат 31 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Крюгер 5 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, Юлия Путинцева Франциядағы жарыстың негізгі кезеңіне жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Франциядағы Лион турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).