Жібек Құламбаева Үндістандағы жарыстың жартылай финалына өтті

Фото: Фото: ktf.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші жұптық сында Индор (Үндістан) ITF турнирінің жартылай финалына жолдама алды. 

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Жібек Құламбаева грекиялық Сапфо Сакелларидимен бірге екі кездесуін сәтті өткізді. Қазақстандық-грекиялық жұп алдымен жергілікті теннисшілер Кашиш Бхатиа – Смрити Бхасинды ойсырата жеңді – 6:0, 6:3. 

Ал ширек финалда бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта үндістандық Шармада Балу – латвиялық Диана Марцинкевичті сан соқтырды – 6:1, 7:5. 

Енді Жібек Құламбаева мен Сапфо Сакеллариди финалға шығу үшін америкалық Джесси Энни – германиялық Лена Пападакиспен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Монпелье турнирінің ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Қазақстан теннис құрамасы Аргентинада Дэвис кубогіне дайындалып жатқаны да хабарланды.