АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 72-ракеткасы Юлия Путинцева жұптық сында Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші италиялық Элизабетта Кочареттомен бірге ширек финалда грузиялық Екатерина Горгодзе – мексикалық Рената Сарасуаның мысын басты.
Бірінші партия грузиялық-мексикалық жұптың пайдасына шешілді – 6:3. Бұдан кейін Путинцева – Кочаретто камбэк жасай білді – 7:5, 10:7.
Бір сағат 42 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-италиялық дуэт эйс жасамағанымен, 7 брейктің үшеуін құр жіберген жоқ. Горгодзе – Сарасуа 4 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева – Элизабетта Кочаретто финалға шығу үшін америкалықтар Дезире Кравчик – Кэти Макналлимен таласады. Америкалық жұп ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, сербиялық Александра Крунич – қытайлық Чжан Шуайды жеңіп кетті – 6:1, 7:5.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирде жұптық сында жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).