Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати турнирінің жартылай финалына өтті

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты. 

Қазақстандық теннисші канадалық Лейла Фернандеспен бірге ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, чехиялық Катерина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда чехиялық-америкалық жұп ширақтық танытты – 6:2.

Екіншісінде қазақстандық-канадалық дуэт есе қайырды – 6:1.

Супер тай-брейкте Путинцева – Фернандес жеңісті жұлып алды – 10:6.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында екі жұп та 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Юлия Путинцева – Лейла Фернандес финалға шығу үшін чехиялық Линда Носкова – ресейлік Диана Шнайдермен таласады.

Ю.Путинцева жекелей сында үшінші айналымда әлемнің 37-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаға 4:6, 4:6 есебімен жол беріп, ширек финалдан тыс қалды.

Бір сағат 41 минутқа созылған матчта Юлия 2 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Бадоса 7 эйс, 5 брейкпен (12 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Жекелей сында ұтылып қалғанына қарамастан, Ю.Путинцева қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 33-тен 30-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде сенсация жасап, Путинцеваның әлемнің 2-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати турнирінің ширек финалына шықты.
Жібек Құламбаева Сербияда сенсация жасап, жартылай финалға шықты.