Юлия Путинцеваның Окленд турниріндегі қарсыласы белгілі болды

Фото: ашық дереккөзден

Жаңа Зеландияның Окленд қаласында 1-7 қаңтар аралығында WTA 250 турнирі өтеді, деп хабарлайды Kazinform.

Жеребе тарту рәсімінде Қазақстанның екінші, әлемнің 66-ракеткасы Юлия Путинцеваның қарсыласы анықталды. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 15-ракеткасы, қытайлық Ван Синьюймен шеберлік байқасады.

Жаңа маусымның беташар жарыстарының бірінде дүниежүзілік рейтингіде үшінші болып тұрған америкалық Кори Гауфф бірінші ракетка ретінде тіркелген. Оның бастапқы қарсыласы – отандасы Клэр Лю.

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, рейтингіде 25-сатыда тұрған украиналық Элина Свитолина бұл доданың екінші ракеткасы болып тіркелді. Ол кортқа қайта оралған даниялық Каролина Возняцкимен кездеседі.

Бүгін іріктеу сайыстарында тағы бір қазақстандық, рейтингіде 829-сатыдағы Анна Данилина әлемнің 128-ракеткасы, румыниялық Елена Габриэла Рузеден ұтылып қалды – 3:6, 3:6.

Аталмыш жарыстың жүлде қоры 267 мың доллардан асады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Бублик пен Недовесовтің жұптық сында кіммен бірге ойнайтыны анықталғанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Елена Рыбакина Брисбенде жаңа маусымның алғашқы жарысын екінші айналымнан бастайды.