Юлле Мадизе ресми түрде Эстония президенті қызметіне кірісті

АСТАНА. KAZINFORM — Эстонияның бұрынғы құқық канцлері Юлле Мадизе ант беріп, ел президенті қызметіне ресми түрде кірісті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: REUTERS/ Ints Kalnins

Инаугурация рәсімі дүйсенбі күні Рийгикогу мәжіліс залында өтті. Жергілікті уақыт бойынша сағат 14:15–те сайланған президент жұбайы Лаури Мадиземен бірге Кадриоргтегі президент кеңсесіне келді. Оларды қызметінен кетіп жатқан мемлекет басшысы Алар Карис пен оның жұбайы Сирье Карис қарсы алды.

Одан кейін рәсімге қатысушылар Таллин қаласындағы Тоомпеа қамалының алдындағы Лосси алаңы қарай бет алды. Онда оларды Гвардиялық батальонның құрметті қарауылы қарсы алып, салтанатты рәсімге қатысушылар қамалға кірді.

Іс-шараның негізгі бөлімі сағат 15:00–де басталды. Алдымен Алар Карис қоштасу сөзін сөйледі. Содан кейін Юлле Мадизе президент ретінде ант беріп, мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы үндеуін жасады. Салтанатты рәсімді жергілікті ERR телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.

51 жастағы Юлле Мадизе Тарту қаласында дүниеге келген және сол жерде білім алған. Мамандығы — заңгер. 2015 жылдан бері ол құқық канцлері, яғни конституциялық нормалардың сақталуы мен адам құқықтары мәселелерін қадағалайтын омбудсмен қызметін атқарды. 2021 жылдың соңында екінші мерзімге қайта тағайындалды.

Бұған дейін ол Әділет министрлігінде, Рийгикогу Конституциялық комиссиясында жұмыс істеген, Мемлекеттік бақылау мекемесінде бас бақылаушы және президент Тоомас Хендрик Ильвестің заң кеңесшісі болған.

2 қыркүйекте Рийгикогу депутаттары жасырын дауыс беру арқылы Мадизені президент етіп сайлады. Оны 71 депутат қолдады. Президент болып сайлану үшін кемінде 68 дауыс қажет еді. Оның кандидатурасын Reform, Eesti 200, Isamaa партияларының, социал-демократтар мен тәуелсіз депутаттардың арасынан 75 парламентарий қолдаған. Ол президенттікке тіркелген жалғыз кандидат болды. Мадизе екінші мерзімге сайлауға түспеген Алар Каристің орнына келді.

Юлле Мадизе — Эстония тарихындағы екінші әйел президент. Оған дейін бұл қызметті Керсти Кальюлайд атқарған.

Алғашқы үндеуінде жаңа мемлекет басшысы өзара сенімнің, білім мен мәдениеттің маңызын атап өтіп, елдің болашағын бірлесіп құруға шақырды. Сондай-ақ ол азаматтарды пессимизмге бой алдырмауға үндеді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Эстония 2026 жылы көшуге ең қолайлы елдердің рейтингінде көш бастағанын жазғанбыз. Сингапур мен Малайзия да алғашқы үштікке енді.