«Біз материалдық емес мұралар тізімін жасақтауда жүйелі жұмысқа жүгінуіміз шарт. Бүгінгі уақытқа дейін елде бұл іс атқарылған жоқ деуге болады. «ЮНЕСКО-ға ұлттық құндылықтар тізімін жүйесіз ұсыну - тым абыройсыз жұмыс. Сондықтан бұл жұмыстың барлығын жүйелі тезге салу керек. Алдағы уақытта бұл істі Үкімет деңгейіне көтеріп, «Мәдени мұра» тұжырымдамасы аясында бюджеттен қаржыландырылатын арнайы бағдарлама қабылдау қажет. Сонда ғана біздің жұмыстың аясы кеңейіп, нақты істер жасалады. Қаржыландыру мәселесі биыл немесе келесі жылы шешімін табуы тиіс», - деді И.Тасмағамбетов.
Айта кетейік, 2000 жылдан бері қарай ЮНЕСКО ұйымымен материалдық емес мұраның Бүкіләлемдік тізімі жасалып жатыр. 2003 жылдан бері осы Конвенцияға дүниежүзінен 90-нан астам мемлекет қатысып отыр. 350-ден астам әлем халықтарының материалдық емес мұрасының тізімі жасалды. Бұл тізім жыл сайын толықтырылу үстінде. Енді осыған сәйкес, қазір Қазақстаннан қандай аталым бойынша осы тізімге құндылықтар енгізілетіні жөнінде ұсыныстар дайындалуда.
«Біздің жұмыстың негізгі міндеті ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі тиіс ұлттық мұралардың санын анықтау емес, төл мұрамыздың әр саладағы ғылыми тұрғыда зерделенген өзіміздің ұлттық тізімді дайындау. Ең бірінші ол өзіміз үшін, ұрпақтарымыз үшін керек дүние. Кейін сол тізімнен кезең-кезеңімен мәдени құндылықтарымызды ЮНЕСКО-ға ұсынатын боламыз», - деп атап көрсетті ол.
Сонымен бірге И.Тасмағамбетов 2013 жылға арналған бірқатар міндеттерге де тоқталды. Соның ішінде БҰҰ және ЮНЕСКО басшылығы, танымал саяси, мәдени қайраткерлер қатысатын «Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық онжылдығы» форумын өткізуді ерекше назарға алды. Оның айтуынша, Қазақстан 2013-2022 жылдарды «Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық онжылдығы» деп жариялау туралы бастаманы ұсынған. Бұл бастама ЮНЕСКО сессиясында қолдау тапты.