ЮНЕСКО Қазақстанның жас ғалымдары арасында байқау жариялады

АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы кластерлік бюросы Қазақстанның жас ғалымдары арасында «Қазақстандағы ғылым, технология және инновацияның дамуы» тақырыбында эссе байқауын жариялады.

Байқау Дүниежүзілік ғылым күнін мерекелеу аясында бейбітшілік пен даму мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Конкурсқа Қазақстанның ғылыми мекемелерінің жас ғалымдары мен жоғары оқу орындарының аспиранттары қатыса алады. Өтініштер осы жылдың 12 қарашасынан келер жылдың 15 қаңтарына дейін қабылданады.

Осы арқылы Қазақстандағы ғылымды басқару жүйесінің реформасы кезеңінде ЮНЕСКО еліміздің жас ғалымдарына ғылым дамуына деген өз пікірлерін ашық айтуға мүмкіндік беріледі. Соның нәтижесінде, ғылыми кадрларды дайындау жүйесі, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, ғылыми мектептердің дамуы және т.б. жағдайларға байланысты тың идеялар мен ұсыныстарды қарастыруды көздеп отыр.

Ең қызықты деген эсселер авторлары құрмет сыйлықтарымен марапатталады. Сонымен бірге, олардың жұмыстары ЮНЕСКО-ның 2011 жылы шығарғалы отырған мақалалар топтамасында басылатын болады.