ЮНЕСКО-ның білім беру саласындағы есебі бойынша Қазақстан 129 елдің ішінде бірінші орынға шығып отыр

АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ЮНЕСКО-ның білім беру саласындағы негізгі индикаторлар бойынша жүргізілген есебінде Қазақстан 129 елдің ішінде бірінші орынға шығып отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЮНЕСКО-ның білім беру саласындағы негізгі индикаторлар бойынша жүргізілген есебінде Қазақстан 129 елдің ішінде бірінші орынға шығып отыр. Сонымен бірге, Қазақстан 2007 жылы алғаш рет математика және жаратылыстану пәндері бойынша халықаралық жарыстарға қатысу нәтижесінде әлемнің дамыған 36 елінің ішінде математика пәнінен 5-ші орынды иеленсе, командалық есепте 7-і орынға шықты. Сонымен қатар, ағымдағы жылғы наурыздың 11-інде Қазақстанның білім саласы үшін үлкен оқиға болды. Атап айтқанда, өткен жылдардағы атқарылған дайындық жұмыстарының арқасында еліміз Болон процесіне еніп, еуропалық білім кеңістігінің теңқұқылы мүшесі атанды. Яғни, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында аталған білім кеңістігіне енген алғашқы мемлекет болып табылады. Еліміздің еуропалық білім беру кеңістігінің толыққанды мүшесі болуы үшін Венгрия мен Австрияда өткен кеңесте 46 мемлекет Қазақстанды жақтап дауыс берді», деді Ж. Түймебаев.