ЮНИСЕФ: Газада 90%-дан аса мектеп зақымданған немесе қираған

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Бала құқықтары жөніндегі БҰҰ қоры (ЮНИСЕФ) өкілі Джеймс Элдердің хабарлауынша, Газа секторындағы мектептердің 90%-дан астамы қираған немесе зақымданған, деп хабарлайды Анадолы.

Элдер Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің апталық брифингіне видеобайланыс арқылы қатысып, осы мәліметтерді жария етті.

ЮНИСЕФ өкілі атап өткендей, Газа секторындағы мектептерге бағытталған шабуылдар екі жарым жылға жуық уақыт бойы бір буын балалардың болашағын қауіпке тікті.

— Газада мектеп жасындағы балалардың 60%-ы қазір дәстүрлі оқу процесіне қатыса алмайды. Мектептердің 90%-дан астамы зақымданған немесе қираған. 5 жасқа дейінгі 335 мыңнан астам бала ерте даму қызметтері жүйесінің бұзылуынан ауыр дамудағы тәуекелге ұшырап отыр, — деді Элдер.

Оның айтуынша, 2023 жылғы қазанға дейін Газадағы палестиналықтар әлемдегі ең жоғары сауаттылық деңгейлерінің біріне ие болған, алайда бұл жетістік қазір қауіп астында.

Газадағы жылдар бойғы прогресс жойылды

— Газада мектептер, университеттер және кітапханалар бұзылған, ал жылдар бойғы прогресс жойылды. Бұл тек физикалық зақым емес — бұл тікелей болашаққа соққы. Осы аяусыз соғыстан кейін мектептерді, оқу орындарын және университеттерді қалпына келтіру Газадағы қалпына келтіру жоспарының басты басымдықтарының бірі болуы тиіс, — деді Элдер.

Ол ЮНИСЕФ Палестина әкімшілігі және басқа серіктестермен бірлесіп, барлық баланы мүмкіндігінше тезірек оқуға қайта тарту үшін жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта ЮНИСЕФ Газа секторында 100-ден астам білім беру орталықтарына қолдау көрсетіп жатыр.

Элдер Газа халқының жартысына жуығы 18 жасқа дейінгі балалар екенін айтты.

— ЮНИСЕФ оқу орталығында бір баланы орналастырудың жылдық құны, психологиялық қолдауды қоса алғанда, шамамен 280 доллар. Мектеп жасындағы 336 мың баланы ағымдағы жылдың соңына дейін қамту үшін ЮНИСЕФ-ке шұғыл түрде 86 млн доллар қажет, — деді ол.

«Анадолы» агенттігінің Рафах бақылау бекетінің қазіргі жағдайы туралы сұрағына Элдер ұйым палестиналықтармен байланыста екенін және олар өткелдің ашылуын қатты күтіп отырғанын айтты.

— Қазіргі уақытта ең қарапайым жауап — жоқ, Рафах шекаралық өткелі әлі ашылмады. Алайда тоқтату режимінің екінші кезеңі бойынша оны ашпауға ешқандай себеп қалмауы тиіс, — деді Элдер.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қыс маусымының басынан бастап, Израиль жанармай мен гуманитарлық көмек жеткізілуіне кедергі жасап отырған Газа секторында суықтан 10 бала көз жұмды.