Ызғарлы антициклон әсері әлі де сақталмақ

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» ауа райының қауіпті әрі маңызды гидрометеорологиялық құбылыстарының 2011 жылдың 23 ақпанына арналған болжамына сәйкес

ызғарлы антициклонның әсері әлі де Қазақстанның бірқатар облыстарында сақталатындығын айтады және республиканың оңтүстік аудандарында қар, тұман, көктайғақ болатындығын ескертеді.

Алматы, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, көктайғақ болып, жел 17-22 м/с жылдамдықпен соғады, ал Жамбыл облысының таулы бөктерлерінде жел 25 м/с-қа дейін күшеймек. Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Қостанай облыстарының кей өңірлерінде тұман түседі деп күтілуде. Маңғыстау облысының кей жерлерінде боран соғып, жел жылдамдығы 15-20м/с болады деп болжанған.

Ақтөбе, Атырау облыстарында түнде 31-38 градустық аяз сақталады. Маңғыстау облысында аяз 23-28 градусқа дейін күшейеді.

Гидрологиялық болжамға сай жуық арадағы тәулікте Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аласа таулы аймақтарындағы өзендерде су деңгейінің ауытқуы байқалуы ықтимал. Республиканың солтүстік бөлігіндегі өзендерде (Жайық, Есіл, Нұра, Ертіс, т.б.) қысқы қалыпты жағдай сақталады.