З.Дияс әлемдік рейтингте 70-інші орынға көтерілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ қызы Зарина Дияс дүйсенбі күні жаңартылған әлемдік рейтингте 70-інші орынға көтерілді.

Мұның алдында 86-ыншы сатыда тұрған жиырма жасар Зарина осылайша әлемдегі үздік жетпіс теннисшінің қатарына қосылып отыр. Бұған өткен аптада Ноттингем турнирінде З.Диястың сәтті өнер көрсетуі мүмкіндік берді. Онда финалға дейін жеткен Зарина чехиялық Кристина Плисковадан ғана ұтылған болатын.

З.Дияс Қазақстанның бірінші ракеткасы саналатын Ярослава Шведованы өкшелеп келеді. Ол бір сатыға жоғарылап, 68-ші орынға шықты.

Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина Дияс 9-15 маусым аралығында Бирмингемде өтетін тағы бір турнирге қатысады. Онда алғашқы айналымда франциялық белгілі теннисші Виржини Раззаномен кортқа шығады.