АСТАНА. ҚазАқпарат - Әйелдер теннисі қауымдастығының жаңартылған рейтингінде қазақстандық Зарина Дияс 93-інші орыннан 85-інші сатыға көтерілді.
Бұл - жиырма жасар қазақ қызы үшін әзірге ең жоғары көрсеткіш. Биыл дүниежүзіндегі алғашқы жүздіктің қатарына енген Зарина табысты ойынын жалғастырып келеді. Өткен аптада Малайзияда өткен ірі турнирде ширек финалға дейін жеткен қазақ теннисшінің жолын әлемнің оныншы ракеткасы, словакиялық Доминика Цибулкова ғана бөгей алды.
Жуырда Vesti.kz сайтына берген сұхбатында З.Дияс жылды әлемнің үздік отыз ракеткасы қатарында аяқтауға ұмтылып отырғанын мәлімдеді. Таяуда ол Францияда, содан кейін Римде өнер көрсетпек.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).