З.Дияс әлемнің 15-інші ракеткасын ұтты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Уимблдон турнирі қазақстандықтар үшін сәтті болды.

Әлемдік рейтингте 72-орында тұрған жиырма жасар қазақ қызы Зарина Дияс 15-сатыдағы испандық теннисші Карла Суарес-Наварроны үш партияда (7:6, 5:7, 6:2) жеңіп, үшінші айналымға шықты. Бұл, сөз жоқ, Зарина үшін үлкен табыс. Енді ол жарақатынан кейін қайта оралған ресейлік Вера Звонарева немесе хорватиялық 1996 жылғы Донна Векичтің біреуімен кездеседі.

Осының алдында тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова (65-орын) әлемдік рейтингте 42-орындағы эстон қызы Кайя Канепиді үш партияда тізе бүктірген болатын. Ярослава үшінші айналымда чехиялық Клара Кукалова немесе американдық Мэдисон Кистің қай жеңгенімен кортқа шығады.