Зағип жандар велосипедпен Астанадан Парижге жетті
13:46, 09 Қыркүйек 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстаннан шыққан зағип және көзі нашар көретін велосипедшілер тобы Парижге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Велосипедшілер тобы сапарға тамыз айының басында аттанған болатын. Команда велосипедші, пилот-волонтер - жалпы 4 тандемнен құралған. Капитан Бахтияр Базарбековтің басшылығымен топ 5 мың километрге жуық жолды еңсерді. Олар күніне 200 километр жүріп отырды.
BLIND RACE ASTANA-PARIS құрлықаралық веломарафоны аясында қатысушылар Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Франция, барлығы 30 қаланың аумағымен жүріп өтті.
Команда саяхат күнделігін Фейсбуктегі парақшада жариялап отырды.
Халықаралық жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Анашым» көзі көрмейтін мүгедек балалар мен жастарға көмек көрсету қорының қолдауымен жүзеге асты.