Зағипа Балиева баланы жалғыз қалдырған ата-ананы неге жазалау керектігін түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева 12 жасқа дейін балаларын үйде қараусыз қалдырған ата-аналарды жазалауды не үшін ұсынғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Ата-ана жауапкершілігі тұрғысында менің айтқан пікіріме қатысты желіде ауқымды пікірталас өрбіген. Осы орайда бұл мәселе бойынша тыңғылықты жауап бергім келеді. Алдыңғы күні өткен есепті кездесуде ата-ана жауапкершілігі туралы бала қауіпсіздігінің базалық тетігі ретінде айттым. Ондағы тармақтың бірінде осы жауапкершілікті арттыру туралы аталып өтті. Менің ойымша, ата-аналар қауіпсіздіктің алдын алу шараларын қабылдаған кезде, баланың мерт болуы немесе жарақат алуы тәуекелдері айтарлықтай төмендейтіндігі туралы пікірмен барлығы келісетін шығар», - деп жазды депутат Фейсбукте. 
Оның сөзіне қарағанда, соңғы жылдары балалар өлім-жітімі бойынша статистика алаңдатады, ал олардың себептері де үрей тудырып отыр. Әрбір үшінші оқиға ата-ананың немқұрайлылығынан орын алады және осындай жағдайды назардан тыс қалдыруға болмайды.
Құқық қорғаушының пайымынша, бұл мәселеге байланысты Үкімет әрекет етуі тиіс.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет қажетті инфрақұрылымды салып жатыр, оның ішінде заңнамалық тұрғыда тисті шараларды іске асыруда. Қазіргі кезде балалар қауіпсіздігі туралы заң жобасы жоспарда бар, онда тәуекелдердің бірі ретінде ата-ананың немқұрайлылығы көрсетілді. Осындай құбылыс бүгінде бар және оны ешкім де жоққа шығармайды деп пайымдаймын. Мәселен, баланың анасы сатушы қызметінде жүрсе және оның еңбекақысы 50 000 теңге сомасында бағаланса, сондай-ақ жеткіншектің жалғыз асыраушысы ретінде болса, онда бұл әйелде баласын балабақшаға жіберуге немесе бала күтушіге тапсыруға мүмкіндігі болмайды. Яғни оған бұл қызмет түрлері қымбатқа түседі. Осы орайда аналары қиын жағдайға тап болған кезде, мұндай жеткіншектер үшін қандай мүмкіндіктер жасау керектігін ойластырып жатырмыз. Бұл ретте анасының жұмыс істеп жатқан жері бойынша балабақша құруға жұмыс берушілерді ынталандыру секілді бірқатар шараларды пысықтап жатырмыз», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, көп жағдайларда ата-аналары баласын үйде жалғыз қалдырып, қонаққа кетіп қалады, сондай-ақ бұдан да басқа жауапкершіліксіз әрекеттерге барып жатады. Соның салдарынан балалар жарақат алады немесе мерт болады.
«111 нөміріне осы тектес оқиғалар көптеп хабарланып жатады. Баланың жақындары осыған қалайша жол береді, қас қағым сәттік қызығы үшін сәбилерінің өміріне немқұрайлылық танытады», - деді Балиева.
Оның атап өтуінше, қазіргі кезде бірқатар шетелдік тәжірибелер зерделеніп жатыр. Бұл тұрғыда балалар қауіпті жағдайларда қараусыз жалғыз қалғаны үшін ата-ана жауапкершілігін ескеретін заңнамалар қаралуда. Егер де бала үйде жалғыз қалса, терезеден құлап кетуі, тоққа түсіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар пәтерді өрттеу секілді қауіпті жағдайлар туындауы ықтимал.
«Бұндай оқиғалар бүгінде елімізде орын алып жатқаны белгілі. Осы мәселені шешу жолдарын Үкіметпен қатар, балалар омбудсмені институты да қарастыруда. Сондықтан да ұсыныстарды қабылдауға дайынмын», - деп түйді Зағипа Балиева.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілісте Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі ретінде атқарған жұмысы жайында баяндаған Зағипа Балиева 12 жасқа толмаған балаларын үйде қараусыз қалдырған ата-аналарды жазалау ұсынысын айтқан болатын. 
Оның дерегінше, елімізде жыл сайын жол-көлік апатынан 200-300 бала көз жұмады. Соңғы 5 жылда республика аумағындағы су қоймаларына 1059 бала батып кетсе, өрттен 227 бала қаза болған. Жыл сайын балалар кісі қолынан да қаза табады. Мәселен, 2017 жылы елімізде 26 бала өлген.