Заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыруды жалғастыру қажет – Премьер-министр

АСТАНА. KAZINFORM – Егіншілерді заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру тәжірибесін жалғастыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Президент тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аграрлық салаға айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Егін шаруашылығын орнықты дамытуға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған субсидиялау тетіктеріне баса көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдау шаралары бөлінген қаражаттың көлемімен ғана шектеліп қалмай, ең алдымен нақты экономикалық нәтижені қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, егін орағын сапалы әрі уақтылы өткізу – қойылған мақсаттарға қол жеткізудің басты шарттарының бірі, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр биылғы егіншілік маусымы оңайшылықпен өтіп жатпағанын баса айтты.

- Өздеріңіз білетіндей, вегетация кезеңінде бірқатар өңірде қуаңшылық белең алып, астықтың шығымына қатысты алаңдаушылық туғызды. Дегенмен, қабылданған шаралардың арқасында өнімділік орташа деңгейден жоғары болады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ астықтың сапасы да жоғары. Сақтауға түскен бидайдың 74%-дан астамының қамырлылығы жақсы, 3-ші сыныпты және одан да жоғары, - деді ол.

Олжас Бектеновтің атап өтуінше, заманауи агротехнологияларды қолдану және тыңайтқыштарды уақтылы себу нақты нәтиже беріп отыр.

- Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу технологияларын қолданатын алқаптардың көлемін ұлғайту шаралары қабылдануда. Қуаңшылық әрі су тапшылығы жағдайында бұл бастаманың маңызы өте зор. Сондықтан егіншілерді заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру тәжірибесін жалғастыру қажет. Жаңбырлатып суару машиналарын, ауыл шаруашылығы техникаларын алғандай, жеңілдетілген қаржыландыру шарттарымен сатып алу мүмкіндігін пысықтау керек. Бұл қажетті техникаларға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлер агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде қолдауды жалғастырған жөн, - деді Премьер-министр.

Айта кетейік, отырыста күзгі жиын-терім барысы қаралды.