Заманауи технология және 24 сағат жұмыс: Алматы кітапханалары қалай түрленді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында 37 кітапхана жұмыс істейді. Оларға 2025 жылдың 11 айында 2,8 млн оқырман барған.
Қаладағы 37 нысанның 28-і Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне біріктірілген. Ал олардың ішінде 3 орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Олар: Alatau Creative Hub орталығы, Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана және Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы.
Alatau Creative Hub
Alatau Creative Hub 2020 жылы Тәуелсіздік күніне орай ашылды. Бұл орталық бүгінде тек қана кітап оқитын орын емес, сонымен қатар жасампаз жастар өзіндік жобаларын әзірлеп, жұмыс істейтін әрі коворкинг орталыққа айналған. Жалпы ауданы 3,5 мың шаршы метр болатын орталықта цифрлық технологиялар мен дәстүрлі кітапхана қызметі үйлескен. Alatau Creative Hub меңгерушісі Сәуле Бабамұратованың айтуынша, Алматы кітапханалар жүйесіне кіретін өзге кітапханаларда секілді мұнда MegaPro цифрландырылған жүйесі жұмыс істейді.
— Оқырман бізден MegaPro оқырман картасын алып, кейін сол арқылы өзге 27 кітапханада да қызмет ала алады. Сондай-ақ орталыққа келуші алдын ала кітап қойып, оны үйіне алып кете алады, — деді ол.
Ғимараттың бірінші қабатында коворкинг бөлімі, ашық кітапхана алаңы, мультимедиялық арт-студия және көзі нашар көретін адамдарға арналған арнаулы жұмыс орны бар. Онда зағип жандар Брайль әліппесін, дыбыстық құрылғыларды қолданып, өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Ал нысанның екінші қабатында іс-шаралар ұйымдастыруға арналған трибуна мен әртүрлі үйірмелерге арналған аудиториялар орналасқан. Орталықта қазір ағылшын тілі, түрік тілі, домбыра, шахмат сынды 20-ға жуық тегін балалар үйірмесі жұмыс істейді.
— Бізге күніне 400-ден астам адам келеді. Оның 50-ге жуығы абонент бөлімінде кітап оқиды. Түнгі уақытта шамамен 70-80 адам болады. Айта кететін жайт — қараңғы түскен соң кітапханамызда балалардың жүруіне болмайды. Сондықтан түнде көбіне жұмыс істеуге келген жастар отырады, — деді Сәуле Бабамұратова.
Alatau Creative Hub меңгерушісі орталықта PlayStation аймағы ашылғанын атап өтті. Айтуынша, ол балаларды кітап оқуға ынталандыру үшін құрылған. Жас оқырмандар кітапхана қызметкеріне өзі алып оқыған кітабының мазмұнын айтып, кейін консольді тегін ойнай алады.
Сондай-ақ Алматыдағы ең үлкен автономды кітапхана Алатау ауданындағы осы орталықта қойылған. Жалпы мегаполисте 26 автономды өзіне-өзі қызмет көрсету станциясы бар. Олар ойын-сауық орталықтарында, метро бекеттерінде орналасқан. Алматы әкімдігінің мәліметінше, ай сайын бұл станциялар шамамен 300 жаңа оқырманды тіркейді және 420-ға дейін кітап береді. 2025 жыл соңына дейін қосымша 6 станция орнату жоспарланып отыр.
Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана
Алматыда 1974 жылы ашылған ең ескі кітапханалардың бірі толықтай жаңғыртудан өтті. Биыл қазан айында Алмалы ауданы, Абай даңғылының бойында орналасқан кітапханаға Мұхтар Әуезовтың аты беріліп, салтанатты ашылуы болды.
Келбеті жаңарған мәдениет ошағында келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Кітапхана бірнеше бөлімге бөлінген: оқу залы, компьютер залы, абонемент бөлімі, балалар бөлімі және қор сақтау бөлімі. Одан бөлек мәдени нысан ішінде Мұхтар Әуезов пен Мұрат Әуезовке арналған мемориалдық бұрыштар ашылған.
Экспозицияда жазушының жеке заттары, сирек кездесетін естелік бұйымдар мен мұрағаттық бейнематериалдар қойылған. Кітапханаға келушілер мұнда ұлы жазушының өмірі және шығармашылығымен таныса алады.
— Бұрын бұл орын № 4 филиал болған. Мәдениет басқармасының ұсынысымен кітапханаға Мұхтар Әуезовтің аты берілді. Бізде қазіргі уақытта 60 мыңға жуық кітап қоры бар. Негізгі оқу залында Мұхтар Әуезов пен оның ұлы Мұрат Әуезовтің мыңнан астам кітаптары жинақталды. Тарихи тұлғалардың жеке заттары қойылды, — деді кітапхана меңгерушісі Әлия Іңкәрбек.
Алматының орталығында орналасқан кітапханада 18 қызметкер жұмыс істейді. Күніне 500-ге жуық оқырман келеді. Одан бөлек орталықта авторлық жобалар, мәдениет қайраткерлерімен кездесулеп мен әртүрлі тегін үйірмелер өтіп тұрады.
Әлия Іңкәрбек заманауи кітапханалар тек отырып оқуға арналған орын емес, жастар арасында жаңа орта қалыптастыратын қоғамдық институтқа айналғанын атап өтті.
— Өзге өңірдегі кітапханаларда абонемент бөлімі болмайды, тек оқу залы болады. Ал Алматы кітапханаларында оқырман 14 күнге кітапты өзімен бірге алып кете алады. Қоғамда «кітапханада адамдар бар ма» деген сұрақ қойылып жатады. Оған айтарым — бізде адамдар күндіз ғана емес, түнде де толып отырады. Жастар қазір білімге құмар. Бізде ең сұранысқа ие кітап — мотивациялық және қаржылық кітаптар, — деді ол.
Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы
Алматы тәулік бойы жұмыс істейтін үшінші кітапхана Райымбек батыр және Назарбаев көшелерінің қиылысында орналасқан. 1976 жылы ашылған нысан бүгінде Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасына айналған.
— Алғаш ашылғанда бұл бүкіл республикалық кітапхана болды. Ал 1990 жылы үлкен байқауда жеңіске жетіп, нәтижесінде Жамбылдың аты берілді. Қазір жасөспірімдер кітапханасы болғандықтан, мұнда кез келген пайдалы ақпарат қолжетімді болатын жастарға арналған кеңістік құруды көздейміз. 100 мыңға жуық кітап қоры бар. Кітаптарымыз жыл сайын Мәдениет басқармасының бастамасымен және оқырмандар сұранысымен жаңа кітаптармен толығып отырады, — деді орталық меңгерушісі Бану Дәулетбаева.
Оның сөзінше, тәулік бойы жұмыс істейін кітапханалар Алматы сынды мегаполис тұрғындары үшін тиімді.
— Бұл үлкен қаланың тұрғындары үшін өте ыңғайлы. Себебі алматылықтар кешкісін кептелісте тұрғаннан гөрі кітапханада отыруды жөн көреді. Сондай-ақ қаламызда жоғарғы оқу орындары көп — студенттер күндіз сабақта болып, кешкі уақытта бізде зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бастапқыда кітапхана пилоттық режимде 24 сағат бойы жұмыс істеді. Бұл дұрыс шешім болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қазір тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар саны үшке жетті, — деді маман.
Бану Дәулетбаева алдағы уақытта Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстандағы АҚШ елшілігімен бірігіп American space аймағы ашылатынын атап өтті. Айтуынша, мұнда тек алматылықтар емес, шетелдік азаматтар келгенді жақсы көреді.
— Бізге шетелдіктер көп келеді. Олар ағылшын тіліндегі салалық кітаптарды алады. Одан кейін өз жұмыстарын істеуге келеді. Біз оқырманды жасына, нәсіліне не азаматтығына бөлмей, барлығын бірдей қызмет көрсетеміз. Бәріне есік ашық, — деп атап өтті ол.
Еске салайық, бұған дейін жасанды интеллект кітапхана жұмысына қандай өзгерістер әкелетінін жазғанбыз.