Заманауи жабдық пен зерханалар: Алматыда үш емхана күрделі жөндеуден өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін үш медициналық мекемеге іске қосылды.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, былтыр №3 қалалық емханада, №18 қалалық емханасының филиалы және жедел медициналық жәрдем қызметінің №8 қосалқы станциясында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта барлық нысан бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңарған ғимараттар пайдалануға берілген. Қазақстан Республикасы Конституциясы 30 жылдығы қарсаңында медициналық мекемелерде салтанатты ашылу рәсімі өтті.
№3 қалалық емхананың директоры Айзат Молдагасимованың өзі басқарып отырған мекеменің 91 жылдық тарихы бар екенін атап өтті. Айтуынша, бұл емхана 1934 жылы ашылған. Соңғы рет күрделі жөндеу 15 жыл бұрын істелген.
– 2024 жылы қала әкімдігінің көмегімен күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бүгін ресми ашылу рәсімі өтті. Қазіргі уақытта ғимараттың іші-сырты, инженерлік толық жаңартылды. Жоба құны – 1,1 млрд теңге. Жаңғырту жұмыстары аясында клиникалық-диагностикалық зертхана ашылды. Оған жаңа 7 жабдық арнайы алынды. Соның арқасында бұрын 1 сағат жасайтын анализдерді 3 минутта алатын болдық. Одан бөлек Алматы қаласы бойынша алғашқы «Damumed» жүйесімен біріктірілген дауыстық робот негізінде виртуалды ассистент қойылды. Бұл терминалға науқас келіп, өзіне қажет талон не өзге қызметті ала алады, - деді ол.
Емхана директоры күрделі жөндеуден кейін симуляциялық орталық ашылғанына назар аударды. Мұнда дәрігерлер, медбикелер және кіші медициналық персонал шұғыл көмек көрсету мен жүрек-өкпе реанимациясы дағдыларын тегін меңгереді. Орталықта заманауи жабдықтармен және әртүрлі манекендермен бар. Ал тәлім беретін мамандар Малайзияда оқудан өткен.
– 2022 жылдан бастап мұнда республикадағы жалғыз мектеп оқушылары арасындағы суицидтің алдын алу бойынша Психологиялық орталық жұмыс істейді. Бұл орталық ЮНИСЕФ-пен серіктестікте қызмет етіп, балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетеді, психикалық денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді, - деді ол.
Бүгінгі күні мекемеде 70 мыңдай адам тіркелген – Бостандық және Алмалы ауданының тұрғындары. Мұнда 516 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 104 дәрігер болса, 40-ы сирек салалық мамандар. Жалпы мекеме күніне 500-800 адамды қабылдайды.
Одан бөлек мегаполисте тұрғындарға жылдам сапалы медициналық көмек көрсету үшін №8 қосалқы станция толықтай жаңартылған. Жедел медициналық жәрдем қызметінің №8 қосалқы станциясы меңгерушісі Қожахмет Нұрманов көп жылдан бері жөндеу көрмеген ғимарат қазір заманауи стандарға сай келетінін айтты.
– Қосалқы станция 2009 жылы ашылған. Ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылы қыркүйекте басталып, биыл шілде айында аяқталды. Нысанда ауқымды жұмыстар атқарылып, толықтай жаңғыртылды. Жаңа техника, жабдықтар мен жиһаздар алынды. Сондай-ақ энергия үнемдейтін терезелер мен есіктер орнатылды, жылыту және желдету жүйелері жаңғыртылды, LED-жарықтандыру енгізілді және өрт дабыл жүйесі күшейтілді. Бұл қызметкерлердің жұмысын жайлы әрі қауіпсіз етуге ғана емес, сонымен қатар жедел медициналық көмектің сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Сонымен қатар Қожахмет Нұрманов қосалқы станция қаланың 3 ауданын қамтып отырғанын айтты. Оның сөзінше, қосалқы станцияда 17 бригада бар.
– Былтыр 4 көлік берілген, биыл тағы жаңа көліктерді күтіп отырмыз. Тәулігіне қызметкерлеріміз 200-300 шақыртуға барады, бәріне үлгереді. Бригадаларымыз 15 пайыздай Әуезов пен Наурызбай аудандарына қызмет көрсетеді, қалғаны толықтай Алатау ауданы. Шамамен 200-250 мың адам қамтылады, - деді қосалқы станциясы меңгерушісі.
Қалада күрделі жөндеуден өткен тағы бір нысан – №18 қалалық емхананың «Таугүл» шағын ауданындағы филиалы. 2006 жылы салынған ғимарат 19 жылдан кейін жаңарып, қазір уақытта күніне 100-ге жуық адамды қабылдай алады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ғимараттың қасбеті жаңартылып, терезе-есіктері, инженерлік желілері ауыстырылған. Мекеме ауласы абаттандырылған. Бұдан басқа филиалда заманауи неміс және жапон талдау құрылғыларымен жабдықталған зертхана ашылып, екі ультрадыбыстық зерттеу аппараты орнатылды.