Заманымыздың заңғар тұлғасы, белгілі жазушыі Әбіш Кекілбаев 75 жасқа толды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін заманымыздың заңғар тұлғасы, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 75-жылдық мерейтойы аталып өтуде.

1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Оңды ауылында туған. Қазақ мемекеттік университетін бітірген (1962). 1962-1965 жж. «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1964-1968 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде репертуарлық-редакциялық коллегия мүшесі қызметтерінде болды. 1970-1975 жж. «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, 1975-1984 жж. Қазақстан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, 1984-1986 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары, 1986-1988 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1988-1990 жж. Қазақ КСР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық Кеңесі президиумының төрағасы. 1990 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы ОК бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы (1991), «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы (1992-1993), ҚР Мемлекеттік кеңесшісі (1992-1993), ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы (1994-1995), ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, комитет төрағасы (1996-1996) болып істеген. 1996-2002 жж. ҚР Мемлекеттік хатшысы, 2002 жылдың ақпанынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.

Әбіш Кекілбайұлы бүкіл саналы ғұмырын, еселі еңбегін туған халқына арнады. Қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің дамуына орасан үлес қосты.

Атап айтқанда, заманымыздың заңғар суреткері Әбіш Кекілбаев - иісі қазақтың асылы да, мақтанышы, өнегесі де тау тұлғасы. Әбіш Жазушыға берілген атақ - тек қана Әбіш ағаның ғана емес, әдеби майданда қызмет жасап жүрген, еңбек етіп жүрген қауымға берілген баға деп айтуға болады.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сөз өнерінің сардары, қазақ әдебиетінің саңлағы мағыналы ғұмырының мазмұнды шақтарын, өнегелі өмірбаянының өміршең шектерін табиғи талантымен өрнектеген, еңбек жолдарын халқының ғұмырнамасымен өрнектеп берген айтулы дарын.

Алғашқы өлеңдер жинағы («Алтын шуақ») 1962 жылы жарық көрді. Содан бері проза, әдеби сын саласында елеулі еңбек етіп келеді. «Бір шөкім бұлт» (1966), «Дала балладалары» (1968), «Тырау-тырау тырналар» (1973), «Бір уыс топырақ» (1974), «Құс қанаты» (1975), «Баллада степей» (1975), «Баллада забытых лет» (1979), «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984), «Мартовский снег» (1985),» Плеяды - созвездие надежды» (1987), «Заманмен сұхбат» (1994), «Азаттықтың ақ таңы» (1998), т.б. әңгімелер мен повестері, эсселер мен романдары, әдеби-философиялық, публицистикалық жинақтары бар. Ол Л.Н.Толстой мен К.Гоцидың, Г.Мопассан мен Г.Ибсеннің, А.Чехов пен И.Буниннің бірқатар туындыларын қазақ тіліне аударған. Немістің «Фольк унд Вельт» кітап баспасы жүргізген сауалнама хаттамасында оның есімі «XX ғасырдың таңдаулы жазушылары» тізіміне енгізілген. Кеңестік кезеңде Одақтық жазушылар алқасының, халықаралық «Лотос» жазушылар сыйлығы қазылар алқасының, орталық «Художественная литература», «Дружба народов» баспалары редакциялық алқаларының мүшесі болды, Азия-Африка жазушылары халықаралық комитетінің мүшесіне сайланды. «Абылай хан» драмасы Қазақ драма театры сахнасында қойылды. «Дүние ғапыл», «Дала балладалары» (2 том, 2001) кітаптары жарық көрді. «Үркер», «Елең-Алаң» романдар циклі үшін 1986 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Құрмет Белгісі» мен «Отан» ордендерінің, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері (2003).

Әбіш Кекілбаевқа Қазақстанның Еңбек Ері, Отан ордені, Назарбаев ордені, ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл медалі, «Құрмет» белгісі ордені, «Достық» ордені, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Елбасының бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы марапаттары тапсырылды.