Заң бұзған қостанайлық жәбірленушіге жаңа көлік алып берді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қалалық соты бұзылған көлігін сатып жіберген тұрғынның ісін қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, сатып алу-сату шарты бойынша азамат У. «Skoda Rapid» көлігін 3130879 теңгеге 24 ай бойы шектеусіз жүріс кепілімен сатқан. Алайда, көрсетілген уақыт аяқталмай жатып, көліктің қозғалтқыш бөлігінен ақау табылған.

«Тараптар арасындағы сатып алу-сату шарты 2014 жылғы 24 қыркүйекте жасалған. Көліктің кепілдігі сақталып тұрған уақытта иесі оны жөндеуге береді. Бірақ, жөндеу уақыты созылып кеткендіктен, көлік иесінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы сотқа дейінгі талабы қанағаттандырусыз қалдырылды. Өйткені кепілдік уақыты өтіп кеткен», - делінген облыстық соттың хабарламасында.

Содан кейін азамат У. көлік тиесілі компанияны сотқа берген. Мұнан соң істі аппеляциялық комиссия қарады.

Сот отырысында анықталғандай, көліктің бұрынғы иесі жәбірленушіге бұзылып тұрған көлігін сатқан. Осылайша, соттың шешімі бойынша, ескі көлік жаңаға ауыстырылды.