Заң бұзушылық бір ұйым қызметіне ғана қатысты – Туризм министрі ЖАП аудиты жайында
АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары аудиторлық палата анықтаған заң бұзушылықтар негізінен Туризм және спорт министрлігіне бағынышты бір ғана ұйымның қызметіне қатысты. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Мейрамғазы Сапарғалиев айтты.
— Туризм және спорт министрлігі Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит жұмыс тәртібінде және тексеру жұмыстары толық өзара іс-қимыл жағдайында өткенін хабарлайды. Аудит барысында барлық қажетті материалдар ұсынылып, анықталған ескертулердің бір бөлігі тексеру барысында жойылды. Аудит 2021 жылғы қыркүйектен 2024 жылғы желтоқсанға дейінгі жүргізілді. Жарияланған материалдарда келтірілген фактілер министрлікке мәлім. Олардың басым бөлігі бұған дейін жұмыс барысында ескерілген және қазіргі таңда жүргізіліп жатқан реформалар аясында шешімін тауып жатыр, — деді ол.
Оның атап өтуінше, қаржыландырудағы бұған дейінгі айқындалған мәселелер аудиттің негізгі бағыттарының бірі болды. 2025 жылдың маусым айынан бастап спорттың басым түрлерін айқындауға арналған нақты тетіктерді көздейтін «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның жаңа редакциясы күшіне енді. Сонымен қатар кәсіби спорт клубтарын бюджеттен қаржыландыруға лимиттер белгіленіп, қаражат бөлудің жаңа критерийлері енгізілді.
— Жоғары аудиторлық палата көрсеткен мәселелердің басым бөлігі министрлікке қарасты ведомстволық бағынысты бір ғана ұйымның қызметіне қатысты. Аталған деректер бойынша тергеу 2023 жылдан бері жалғасып келеді. Министрлік қазіргі уақытта тиісті органдармен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Тергеу қорытындылары бойынша тиісті құқықтық баға беріледі. Есепте көрсетілген сома салалық шығындардың тиімділігін жоспарлау, бақылау және тиімділігін бағалау бойынша жүйелі сипаттағы мәселелерге қатысты. 2025 жылғы 16 маусымда қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға енгізілген өзгерістер осындай тәуекелдерді азайтуға бағытталған, — деді ведомство баспасөз хатшысы.
Комитет өкілі Жоғары аудиторлық палатамен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтады. Бұл жоспар басқарушылық және нормативтік шараларды қамтиды.
— Министрлік сыртқы аудитті ашықтық пен тиімділікті арттырудың маңызды құралы деп санайды. Аудит барысында анықталған ескертулерді жою бойынша жұмыстар жалғасады. Жоспарланған реформалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы тұрақты және оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз, — Мейрамғазы Сапарғалиев.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата спортшыларды тәрбиелеу мен даярлауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне қатысты мемлекеттік аудит жүргізіп, оның нәтижелерін жариялаған болатын.
Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы шамамен 17 млрд теңге болатын бұзушылықтар анықталған.