Заң қабылданды: өнердің дамуына елеулі үлес қосқандарға жаңа наградалар беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң үшінші оқылымда қаралып қабылданды.

Фото: akorda.kz

Атап айтқанда, бұл құжат Құрылтайдың бірінші шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы берген мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік наградалар туралы заңнамасын жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

— Заң жобасының мақсаты — екі жаңа ерекшелік белгісін — «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу арқылы отандық мәдениет және өнер қайраткерлерінің еңбегін тану. 2026 жылғы 7 қазанда заң жобасы Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында оның нормаларын заң техникасының талаптарына сәйкестендіру және мазмұнының сапасын жетілдіру бойынша тиісті жұмыс жүргізілді, — деді депуттат Екатерина Смолякова.

Аталған құжатты қарау аясында жұмыс тобының отырысы және Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырыстары өткізілді. Осыны еске отырып отырып, Құрылтайдың бүгінгі жалпы отырысында депутаттар заңды үшінші оқылымда қабылдады.

Айта кетейік, биыл 7 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы І оқылымда мақұлданды.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады.