Заң көмегінің орташа құнын білу үшін тарифтік кесте енгізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңгерлік көмектің құны бойынша әділ баға белгіленеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында заң жобасын талқылау кезінде Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы отырыста палата депутаттары заң жобасындағы жаңашылдықтарға қолдау білдіріп, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Заңгерлік көмектің құны туралы ашық ақпараттың жоқтығы бағаның негізсіз көтерілуіне себеп болып отыр. Осы орайда халықтың хабардар болуын және әділ бағаның белгіленуін қамтамасыз ету мақсатында адвокаттар мен заң консультанттары көрсететін көмектің ұсынымдық сипатта тарифтік кестесін әзірлеу қарастырылады. Бұл Германия, Франция, АҚШ, Польша, Чехия және басқа елдердің тәжірибесі.

Тарифтік кестені енгізу азаматтарға заң көмегінің орташа құнын білуге және оған артық шығынды төлемеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.

Бұдан бөлек М. Бекетаев бүгінде азаматтарды теріс пиғылды адвокаттар мен заң консультанттарынан қорғау тетігі қарастырылмағанын сөз етті.

«Адвокаттар мен заң консультанттары өз қызметін жүзеге асыру барысында сенім білдірушіге елеулі мүліктік залал келтіруі мүмкін.

Осы орайда, адвокаттардың, заң консультанттарының міндетті түрде өз кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізіледі. Бұл сенім білдірушілерге кәсіби заң көмегін алуға кепілдік береді. Сақтандыру институты 2020 жылдан бастап енгізіледі», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар Әділет министрі адвокатурада жаңа технологияларды пайдалану дамымағанын сөз етті. Бұл мәселенің шешімі ретінде «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесін құру мен қалыптастыру ескерілген.

Фото: newshub.co.nz