Заң мен тәртіп тек мемлекеттің ғана емес, азаматтың да жауапкершілігі – Нұрғазы Ануарбеков

АСТАНА. KAZINFORM – Заң мен тәртіпті нығайту үшін тек заңдарды жетілдіру жеткіліксіз. Бұл үдеріске әр азамат өз жауапкершілігін сезініп, үлес қосуы керек. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде өткен «Ашық студия» саяси ток-шоуында заңгер, конституциялық құқық және мемлекеттік басқару саласындағы сарапшы Нұрғазы Ануарбеков айтты.

Фото: Видеодан алынған скрин

Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің қатысуымен өткен теледебатты тамашалаған заңгер партиялардың бірқатар ұсынысына қатысты пікір білдірді.

- Заң мен тәртіпті қалыптастыруда, құқық үстемдігін нығайтуда тек мемлекеттің ғана емес, азаматтардың жеке жауапкершілігі де маңызды. Өйткені заң мен тәртіпті немесе заңнамалық нормаларды құр бекітіп қою арқылы біз қалаған қағидаттарды іске асыра алмаймыз. Біз мемлекеттік органдар, мемлекеттік институттар және азаматтар болып, әрқайсымыз өз жауапкершілігімізді сезініп, қоғам алдындағы борышымызды түсініп әрекет еткенде ғана, оған қол жеткізе аламыз.

Партиялардың басым бөлігі бұл туралы айтты. Мемлекеттік институттарды нығайтуға, әсіресе сот реформасын жасауға қатысты мәселелер көтерілді. Бірақ бұл жерде ерекше атап өтетін жайт - азаматтардың жеке жауапкершілігі. Әрқайсымыздың мемлекетті нығайтуға бағытталған әрекетіміз қандай болуы керек екенін нақты білуіміз қажет. Заң мен тәртіп дегеніміз - осы. Екі жақты әрекет болуы керек, сонда ғана біз бір нәтижеге қол жеткіземіз, - деді сарапшы.

Нұрғазы Ануарбеков «Заң мен тәртіп» қағидатының Конституцияда бекітілгенін де атап өтті.

Оның айтуынша, саяси партиялар сайлауалды уәделерін орындау үшін заң жобаларын әзірлеген кезде, олардың Ата заңдағы негізгі қағидаттарға сәйкес келуіне мән беруі керек.

- «Заң мен тәртіп» біздің Конституциямызда бекітілген. Негізгі идея, концепция бар. Ол бойынша нақты бағыттар айқындалды. Партиялар берген уәдесіне сәйкес заң мен тәртіпті қамтамасыз ету үшін заңдар қабылдай бастайды. Осы уәделерді орындау үшін белгілі бір заң жобалары әзірленеді. Сәйкесінше, заңдар Конституцияда баяндалған қағидаттарға сәйкес келуі керек. Конституцияның үшінші бабында мемлекеттің негізгі қағидаттары айқындалған.

Сол қағидаттарға негізделген заң жобалары іске асырылып, заң мен тәртіпті нық тұғырға қондыру арқылы құқықтық мемлекет құра аламыз, – деп сөзін түйіндеді Нұрғазы Ануарбеков.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилла Jibek Joly телеарнасында Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің қатысуымен болған теледебаттан кейін өз ойын білдірген еді.