Оған облыстың қала және аудандарынан келген он команда қатысты.
Іс-шара «Құқық тәртібі әліппесі» жобасы аясында ұйымдастырылып, Мемлекет басшысы әділетті қоғам құрудың негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындаған «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жұмысының бір бөлігіне айналды.
Құқықтық квестке қатысушылар алдында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйледі.
— Биыл қазақстандықтар референдумда жаңа Конституцияны қабылдап, маңызды таңдау жасады. Оның басты қағидаттарының бірі — «Заң және тәртіп» идеологиясы. Бұл — қауіпсіз әрі әділетті қоғамның берік негізі. Бүгінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Заңды білу ең алдымен өз әрекеттері мен қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілікті түсінуден басталады. Дәл осылай әрбір азаматтың алаңсыз өмір сүріп, білім алып, еңбек етіп және өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алатын ортасы қалыптасады, — деді Әлібек Әлденей.
Орталық саябақта өткен ашылу салтанатында полиция департаментінің арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағы мен кинологиялық қызметінің көрсетілімдері ұйымдастырылып, арнайы техника көрмесі қойылды.
— Біздің мақсатымыз — азаматтардың тыныштығын күзетіп, адамдардың өмірін сақтап жүрген қызметтердің күнделікті еңбегін көрсету. Бәлкім, бүгінгі іс-шара сіздердің болашақ мамандық таңдауларыңызға ықпал етер, — деді облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.
Заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы жөнінде Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров та атап өтті.
— Қазіргі жас буын өз құқығын біліп қана қоймай, қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттерін де терең түсінуі қажет. Заңды сақтау — азаматтық кемелдіктің және құқықтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші, — деді ол.
Квест қорытындысы бойынша ең белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.