Заң жобаларының дайындығы пысықталды

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды.

Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттардың талқысына екі заң жобасын ұсынды. Атап айтқанда, «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалдау жүйелері бойынша газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидасы туралы келісімді ратификациялау туралы»заң жобалары бар.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру қажеттігін ұсынып отыр.

Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымға дайындады.