Заң жобаларының мемлекеттік тілдегі мәтіні сын көтермейді - О.Мұхамеджанов

АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінде Парламент пен Үкіметтің өзара іс-қимылына жақсы деген баға беруге болады. Дегенмен заң шығару қызметінде шешуін күткен мәселелер де жеткілікті.

 Айталық, қанша айтылып жатса да,  Үкіметтен түсетін  заң жобаларының мемлекеттік тілдегі мәтінінің сапасы әлі күнге дейін сын көтермейді және орыс тіліндегі мәтінмен сәйкессіздіктер де жиі орын алады», - дейді  Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов. Бұл туралы ол бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Спикердің пайымдауынша, заң шығару үдерісіндегі олқылықтардың бірі - кейбір заң жобалары бойынша келісу рәсімінің тым созылып кететіндігі. «Мысалы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржылық ұйымдардың қызметін реттейтін мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» заң жобалары бойынша осы  рәсім бірнеше айға созылды. Ал Қазақстанда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың «өмір сүріп жатқанына» үш жылдай  болып қалды», - деді Мәжіліс төрағасы.

 Оның  айтуынша, заң шығару жұмыстарындағы тағы бір өзекті мәселе, заң жобаларын әзірлеу кезінде тиісті ведомстволар арасындағы үйлесімнің жоқтығы мен құжатты Мәжіліске қайтарған уақытта әртүрлі мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушіліктердің орын алуы болып отыр. «Осының салдарынан депутаттар заң жобаларымен жұмыс істеумен қатар әртүрлі мемлекеттік органдарды мәмілеге келтірумен де әуре болып жүр. Оның үстіне кейде бізге сапасы төмен заң жобалары да келіп жатады. Мұндай заңдардың мазмұнын депутаттар 50-60 пайызға дейін өңдеуге мәжбүр. Мысал ретінде айтайық,  біздің қарауымызға түскен «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын-үй коммуналдық сала мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және басқа да бірқатар заң жобаларын өзіміз ретке келтірдік. Ол аз болса кейде  Үкіметтен түскен негізгі заң жобаларына ілеспе заң жобаларын депутаттардың өздері әзірлеуіне тура келеді. Өйткені, онсыз қабылданған заң толыққанды жұмыс істей алмайды», - деп тұжырды сөзін О.Мұхамеджанов.