Заң жобалау жоспары 100 пайызға орындалды - ҚР Әділет министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспары 100 пайызға орындалды. Бүгін ҚР Әділет министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Берік Имашев осылай мәлім етті.

«Үкімет жыл сайын заң жобалау жоспарын бекітеді. Соңғы жылдары олардың 100 пайызға орындалғаны байқалады. 2015 жылы 30 жоспарлы заң жобасы әзірленіп, олардың барлығы Парламент қарауына дер кезінде енгізілді. Бұдан басқа 2015 жылы Үкімет пен Президент Әкімшілігі басшылығының тапсырмалары бойынша жоспардан тыс 11 заң жобасы әзірленді. Сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру үшін 22 заң жобасы даярланды. Сонымен, барлығы 58 Заң қабылданды. Үкімет тұтастай алғанда 63 заң жобасын әзірледі»,-деді министр.

Өткен жылы министрлік 2016 жылға Үкіметтің заң жобалары жоспарын әзірлеп, онда 26 заң жобасын әзірлеу, сондай-ақ биылға құқықтық саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша жоспарды даярлады. Бұл жоспарға 19 шара енгізілген көрінеді.

Ведомствоның мәліметіне қарағанда, Әділет министрлігі мемлекеттік қызмет көрсетудің 53 түрін іске асырады. Осы орайда 2015 жылы 11 миллионнан астам қызмет көрсетілсе, оның 83 пайызы электронды нұсқада іске асырылды.