09:33, 12 Маусым 2009
Заң жобасы азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғауды көздейді
АСТАНА. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл заң жобасы ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің 2007 жылғы қарашаның 15-індегі хаттамалық шешімін орындау үшін және Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2009 жылға арналған жоспарына сәйкес әзірленген.Заң жобасы азаматтардың Қазақстан Конституциясының 18-бабында кепілдік берілген құқықтарын заңмен қорғауды көздейді. Атап айтқанда, азаматтардың жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөдерінің, пошта, телеграф арқылы немесе басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиясын заңсыз бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату қарастырылған. Сол секілді жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру кезінде органдарға белгіленген шектеулер аясын кеңейту ұсынылып отыр. Және де жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде алынған материалдарды сақтау, жою тәртібі мен мерзімдерін заңнамалық реттеу жолымен қорғау жөнінде қосымша шаралар қабылдауға бағытталған. Заң жобасын қабылдау азаматтың жеке өміріне, өзінің және отбасының құпиясына қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғауда, өзінің ар-намысы мен абыройын, жазысқан хаттарын, телефон арқылы сөйлескен сөздерін, пошта, телеграф арқылы немесе басқа жолдармен алысқан хабарларын қорғауға қосымша кепіл болып табылады.