20:42, 21 Сәуір 2009
Заң жобасы шаруа қожалығына қатысты күрделі мәселелерді реттеуге бағытталған
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне шаруа (фермер) қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын жаңа заң жобасы келіп түсті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасы шаруа немесе фермер қожалығы қатысушыларының қарым-қатынасына, барлық мүлкіне сатып алу-сату келісімшарттарын жасасу мүмкіндігінің жоқтығына байланысты «Шаруа (фермер) қожалығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру барысында туындаған күрделі мәселелерді реттеуге бағытталған. Заң жобасында шаруа немесе фермер қожалығының мүлкін сату немесе сыйға тарту жағдайында иеленушіге уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын беруді заң жүзінде бекіту қарастырылған. Сонымен қатар, шаруа және фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша берілген өтеулі жер пайдалану құқығы осындай құқықты кепілдікке сатып алмай-ақ, шаруашылық серіктестігінің жарғылық капиталына салым ретінде, акционерлік қоғамның акцияларын төлеу немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде беру ұсынылады. Сонымен қатар шаруа немесе фермер қожалығы қатысушыларының әл-ауқатын және олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында заң жобасында олардың құқықтары мен міндеттемелерін регламенттейтін бап қарастырылған. Заң жобасын қабылдау кәсіпкерлікті кеңейту және ауылдық жерлерде шаруашылық жүргізу нысандарын ірілендіру үшін мүмкіндік ашады. Бұл Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаттары - шаруа (фермер) қожалықтарын дамыту және жүргізу үшін заңнаманы жетілдіру, шаруа (фермер) қожалықтары қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының инвестициялық тартымдылығын арттыру, шаруа (фермер) қожалығы мүшелерінің әл-ауқатын жоғарылату, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл мәселе бойынша Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті қорытынды әзірлейтін болады.