Заң жобасында автомобиль көлігі саласындағы мәселелерді реттеу көзделіп отыр

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстан Республикасы Жер кодексіне сәйкес автомобиль жолдарын орналастыру үшін жерлерді беру тәртібін ретке келтіру қажет.

  Осы мақсатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасында автомобиль көлігі саласындағы мәселелерді реттеу көзделген. Атап айтқанда, жерді пайдалану құқықтарын беру рәсімдерін жеңілдету мақсатында «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жол органына жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының мұқтаждары үшін жерлерді бөлу туралы нормаларды алып тастау бөлігінде түзетулер болжануда.

Жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдаудың лицензиялануын енгізу көзделген. Осы жағдай рыноктың білікті қатысушыларын іріктеуге ықпал етуге, азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғауға, тасымалдаушылардың заңнаманың талаптарын сақтауын бақылауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында мемлекеттік органдардың қызметтерін шектеу де көзделіп отыр. Атап айтқанда, жолаушылар мен багаждың тұрақты қалааралық облысішілік тасымалдауларын ұйымдастыру, қауіпті жүктерді тасымалдайтын жүргізушілерді дайындау бойынша курстарды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді әкімдіктерге беру мәселелері шешімін табатын болады.