Заң жобасының қабылдануы қоғамдық кеңес жұмысын жаңа деңгейге көтереді - Сембек Сейдазімов

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қоғамдық кеңестер туралы заң жобасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойғандығы туралы жақсы жаңалықты біздер, қоғамдық кеңестер өкілдері үлкен ризашылығымызбен қабылдадық, -деді өз сөзінде Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдазімов.

Қоғамдық кеңестер заң жобасының талқылауына белсенді түрде қатысты. Қоғамдық кеңестердің құрылған уақытынан бастап жергілікті жерде жинақталып қалған көптеген мәселелер, қоғамдық кеңестер тарапынан берілген біршама ұсыныстар осы заңның аясында шешімін тауып отыр.

«Заңмен қарастырылып отырған жаңа нормалардың барлығын қызу қолдаймыз. Сондай-ақ, Заңның дер кезінде қабылдануы қоғамдық кеңестердің қызметін одан әрі оңтайландырып, жаңа деңгейге көтереді деген сеніміміз бар.

Оның ішінде, әсіресе қоғамдық кеңестер қызметін ұйымдастыру барысында біршама бағыттар бойынша қаржыландырудың қарастырылуы өте құптарлық жағдай», деп атап өтті қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы.

Сонымен қатар, Сембек Әбітайұлы өз сөзінде, Қоғамдық кеңестің хатшы бірлігі мен оның еңбек ақысының шешілуі, сарапшыларға, кеңсе шығыстарына қажетті қаржының қарастырылуы қоғамдық кеңестер жұмысына тек оң әсерін тигізеді.

«Бұл түзетулердің заң жобасымен мақұлдануының өзін біздер қоғамдық кеңестерге мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен қолдаудың белгісі ретінде қабылдаймыз», деп атап өтті ол.