Заң жобасының мақсаты - кәсіптік одақтардың қызметі мен еңбек қатынастарын реттеу

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Қазір Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген жаңа заң жобаларының бірі - «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы». Бұл заң жобасы еліміздің заңнамасын «Кәсiптiк одақтар туралы» негізгі заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген.

Соған орай мемлекетіміздің бірқатар заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзіледі.

Атап айтқанда, Еңбек кодексінде кәсіптік одақтардың, олардың бірлестіктерінің республикалық, салалық және өңiрлiк әлеуметтiк әрiптестiк деңгейлерінде қызметкерлердiң мүдделерін білдіру өкiлеттiлігі нақтыланады.

Сондай-ақ ұжымдық еңбек дауларын шешудің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, заң жобасында ұжымдық еңбек дауларын қарау кезінде бiтiмгерлiк комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда, медиация рәсімін міндетті түрде енгізуді қарастыру ұсынылады.

Әлеуметтік-еңбек дауларын реттеудің, қоғамдық қауіпті құқық бұзушылықтардың салдарын азайту, әлеуметтік шиеленістің және еңбек дауларының алдын алу тиімділігін арттыру мақсатында заң жобасында Азаматтық іс жүргізу кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға түзетулер енгізілмек. Нақты айтқанда, соттардың ереуілдерді заңсыз деп тануы туралы істерді қысқа мерзімде қарауы; жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік шиеленістің мониторингін жүзеге асыру және еңбек жанжалдарының туындау қатерлерін болжау жөніндегі функцияны бекіту бөлігіне түзетулер енгізу ұсынылады.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берiлген тапсырмасын iске асыру мақсатында заң жобасында Халықаралық еңбек ұйымының № 81 «Өнеркәсiптегi және саудадағы еңбек инспекциясы туралы» және № 129 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы» ратификацияланған конвенцияларына сәйкес кәсiпорындарда тексеру жүргізу бөлігінде Еңбек кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңға өзгерістер енгізу көзделген.

Ұсынылған өзгерістерді қабылдау қызметкерлердің еңбек құқықтары бұзуылуының алдын алу және оған жол бермеу шараларын қолдануда мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметінің тиімділігі мен нәтижелігін арттырады.

Осы жылғы 12 қыркүйекте заң жобасы Әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үш жақты комиссияның отырысында қаралып, тұжырымдамалық қолдау тапты.