Осы мақсатта Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тегін медициналық көмектің кепілді көлемін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасы бойынша жұмыс тобын құрып, талқылауға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы Үкіметтің 2009 жылғы тамыздың 4-індегі қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 4 және 5-тармақтарына сәйкес әзірленген.
Заң жобасының мақсаты кейбір заңнамалық актілердің жекелеген нормаларын Қазақстан Республикасының бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне сәйкес келтіру болып табылады.
Заң жобасының міндеттері - Қазақстан Республикасының бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне сәйкес жергілікті деңгейде денсаулық сақтау ұйымдарына шығындарды өтеу бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тұлғасында бірыңғай төлеушінің халыққа стационарлық және стационарды алмастыратын көмек қызметтерін көрсету жөніндегі функцияларын іске асыру үшін құқықтық негіз құру.
Заң жобасын қабылдау денсаулық сақтауды басқарудың тиімді және айқын жүйесін құруға, мемлекеттік нормативтерге сәйкес желіні қайта құрылымдауға, кәсіби менеджмент институтын енгізуге және сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік жасайды деп күтілуде.