Заң жобасының мақсаты сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейтуге бағытталған
16:57, 26 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.
Бұл заң жобасын әзірлеу Қазақстан Президентінің 2007 жылғы қыркүйектің 2-сіндегі Парламенттің төртінші шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында айтқан тапсырмаларын іске асыруға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасының мақсаты сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Яғни, осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жауапкершілігін қатаңдату, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туғызатын нормаларды болдырмау көзделіп отыр. Көлеңкелі капиталдың негізгі үлесі салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлемеу арқылы қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы ұйымдардың, декларацияны тапсыру міндетті болған жағдайда, тек жылдық жиынтық табыс туралы декларацияны тапсырмауы арқылы салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарғаны үшін жауаптылығын көздейді. Алайда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске сәйкес Республикамызда тапсырмағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырмайтын декларациялардың өзге де түрлері бар.Осыған байланысты заң жобасы, тұтастай алғанда, салық есептілігін табыс етпегені, оның ішінде алдын ала сөз байласқан адамдар тобының жасағаны және оны аса ірі мөлшерде жасағаны үшін жауаптылық белгілеуді ұсынады.Заң жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық ұйымның мүддесі үшін жасалған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны, сондай-ақ жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаның кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін жауаптылық енгізу көзделеді.Заң жобасы айыппұл санкцияларын ұлғайту және бірқатар баптарға мүлікті тәркілеуді енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін жауаптылықты күшейтеді.Бұдан басқа заң жобасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржылық бақылау шараларын бұзғаны, мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті жеке адамдарға немесе оларға теңестірілген адамдарға заңсыз материалдық сыйақы бергені, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны және айыппұл санкцияларын ұлғайту жолымен мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кірістер алғаны үшін жауаптылықты күшейтуді ұсынады.