14:13, 20 Маусым 2009
Заң жобасының жекелеген баптарының редакциясы жетілдірілді
АСТАНА. Маусымның 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Депутаттардың екінші оқылымға ұсынған толықтырулары заң жобасының жекелеген баптарының редакциясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Осындай түсінік берілген еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне білікті заң көмегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасын тағы бір сараптаудан өткізген Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті өз қорытындысын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Айта кету керек, бұл заң жобасы азаматтардың білікті заң көмегін алуға құқығы жария етілген Қазақстан Конституциясының 13-бабын іске асыруға бағытталған заңнаманы жетілдіру мақсатын көздейді. Депутаттардың ұсынысы бойынша заң жобасы азаматтар мен адвокаттар арасында адвокаттар көрсететін заң көмегіне істің нәтижесіне немесе адвокаттық қызметтің табыстылығына байланысты ақы төлеу мөлшерін белгілейтін шарттарға немесе ұйғарылған соманың бір бөлігін адвокат алатын шарттарға жол бермеу туралы нормамен толықтырылды. Енді аталған заң жобасы Палатаның жалпы отырысында екінші оқылымда талқыға түседі.