Заңдар ең алдымен қалың көпшілікке түсінікті, қолданыста ыңғайлы болуы керек - Қ. Тоқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңдар ең алдымен қалың көпшілікке түсінікті, қолданыста ыңғайлы болуы керек. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.

«Парламент қысқа мерзім ішінде қоғамдық қатынастар жүйесін кешенді жаңғырту шараларын қамтитын, Ұлт жоспарын іске асыру бойынша шешімдер қабылдады. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл маңызды мәселелер бойынша тиісті бағасын берді. Мемлекет басшысы бұл заңдардың бірқатарына, соның ішінде тұңғыш рет жария түрде Азаматтық процестік кодекске қол қойды. Президент құқық саласына түбегейлі өзгерістер әкелетін бұл кодекстің маңызы зор екеніне айрықша назар аударды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне арналған, уақыт талабына сай келетін жаңа Кәсіпкерлік кодексі мен халықаралық стандарттарға негізделген Еңбек кодексі қабылданды. Бұдан басқа қабылданған заңдардың барлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына және халықтың әл ауқатын арттыруға тың серпін береді деп санаймын», - деді палата спикері.

Сонымен қатар, Сенат Төрағасы Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған заңдардың басым көпшілігі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енетінін айтып, алдағы кезеңде осы заңдардың мәні мен маңызын қоғам назарына кеңінен жеткізуге атсалысу қажеттігін атап өтті.

«Заңдар ең алдымен қалың көпшілікке түсінікті, қолданыста ыңғайлы болуы керек. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жаңа заң нормаларын мүлтіксіз іске асыруды және тиісті заңға тәуелді актілерді әзірлеуді жедел қолға алуы қажет. Еліміздің әлеуметтік экономикалық өрлеуін тың белестерге бастайтын Президенттік реформаны табысты іске асыру үшін біз күш-жігерімізді аямай жұмсайтын боламыз деп кәміл сенемін», - деген Сенат спикері депутаттық корпус пен Үкімет мүшелеріне бірлесе атқарған жұмыстары үшін алғысын жеткізді.