Заңды өрескел бұзған сот орындаушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутат Абзал Құспан сот орындаушылардың қызметін жетілдіруге арналған Үкімет сағатында атқарушылық іс туралы заңнаманы өрескел бұзған сот орындаушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.
— Қылмыстық кодексте 251-бап бар. Қылмыстық жауапкершілік туындау үшін жәбірленушіге елеулі залал келуі керек. Сонда ғана сот орындаушысын қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Осыны адвокаттардың жауапкершілігі сияқты формальді құрамға ауыстыру туралы пікіріңізді білсем деп едім. Яғни, атқарушылық іс туралы заң талаптар өрескел бұзған жағдайда қылмыстық жауапкершілік туындау керек, — деді деп сұрады депутат Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтен.
ІІМ өкілі бұл ұсынысты ведомствоаралық деңгейде пысықтау керектігін айтты.
— Қылмыстық жауапкершілік артуға келсек, бұл мәселені ведомствоаралық жұмыс тобында тағы да талқылау керек деп ойлаймыз. Бірақ әр қылмыстың залалы болу керек. Келтірген зияны, залалы болса, заңды міндетті түрде өзгертіп, түзетулердің қарастыру керек. Ондай жұмысқа дайынбыз, — деді Санжар Әділов.
Осы жиында шағын несиесін өтемеген азаматтардың 2,5 млн құжаты жеке сот орындаушылардың қолында жүргені мәлім болды.