Заңды тексеретін нақты әдіснама жоқ – министр

Елімізде заңнамалық және заңға тәуелді актілердегі нормалардың құқықтық регламенттелу деңгейін анықтауда қиындықтар бар. Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

«Заңдарды тексеруге қатысты тағы бір өзекті мәселе — нақты әдіснамалық негіздің жоқтығы. Заңнамалық және заңға тәуелді актілердегі нормалардың құқықтық регламенттелу деңгейін анықтауда қиындықтар бар. Бұл мәселе ғылыми және сараптамалық қоғамдастықпен жан-жақты талқылауды қажет етеді деп санаймын» — деді Азамат Есқараев елордада өтіп жатқан «Заң шығару процесін жетілдіру» атты дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, құқықтану саласында маманданған сарапшылардың көп болуы мәселені шешуге ықпал етеді.

«Бұл пікірталас шеңберін кеңейтуге және практикалық тәсіл мен құқықтық ғылымды дамыту проблемаларын шешуге жағдай жасайды. Сонымен қатар жан-жақты көзқарас арқылы интеграциялануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі диалог нормашығармашылықтың басты проблемалары бойынша жұмыс секцияларына нақты ұсыным әзірлеуге мүмкіндік береді», — дейді ведомство басшысы.