Заңды қайта-қайта жаңарту оның жиі бұзылуына әкеп соқтырады - Қ. Жақыпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңды қайта-қайта жаңарту оның жиі бұзылуына да әкеп соғады. Соның салдарынан қоғамдық құқықтық нигилизмнің қалыптасуына да жол беріледі.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында төртінші сессия жұмысын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

Мәжіліс спикері келтірген деректерге қарағанда, төртінші сессия барысында қолданыстағы 206 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген екен. Үкіметтің бастамасымен осы сессияның өзінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске - 12 рет, Салық кодексіне - 10, Еңбек кодексіне - 9 рет өзгерістер мен толықтырулар жасалған.

«Тура сол секілді «Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы» заңды мысалға алайық. Алғашында депутаттар көлік құралдарын басқаруға сенімхатты және сенімхат бойынша оны пайдаланатын тұлғаларды есепке тіркеу туралы норманы алып тастауды ұсынған болатын. Бұны Үкімет қолдамады. Алайда кейіннен заң қолданысқа енгенге дейін, яғни алты ай ішінде Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Үкімет тура сол түзетулерді енгізуге өздері бастама жасады. Сөзсіз, заңнаманы бұлайша қайта-қайта жаңарту оның жиі бұзылуына, құқық қолдану саласында абайсыз қателіктер жасауға, ең ақыры қоғамдық құқықтық нигилизмнің қалыптасуына әкеп соқтырады», - деді спикер.

Оның пайымынша, заңнамадағы бұндай жиі-жиі өзгерістер орын алуының басты себептерінің бірі заң жобаларын әзірлеу барысында Парламент депутаттарының өкілдік-заңнамалық әлеуетін толық пайдаланбауда жатыр. «Бұл ретте перспективалық жоспарлаудың да әлсіз екенін айта кеткіміз келеді. Кейбір заңнамалар қабылданып, күшіне енбей жатып өзгерістерге ұшырауға мәжбүр болады. Мәселен, қолданысқа енгізілгенге дейін Қылмыстық процессуалды кодекс екі мәрте, Қылмыстық атқару кодексі үш мәрте түзетілді. Сонымен қатар, Үкіметтен келіп түскен заң жобаларының әрбір үшіншісінің мазмұны 50 пайызға дейін өзгеріп отырды. Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының мазмұны Парламент қабырғасында жатып 85 пайызға дейін өзгертілді», - деді Мәжіліс Төрағасы.