Заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі институтын енгізу еліміздің халықаралық міндеттемесінен туындайды

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша халықаралық сарапшылардың қатысуымен «дөңгелек үстел» жиыны өтті.

Жиынның мақсаты шет елдердегі заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі заңнаманың тәжірибелік қолданылуын талдау болып табылады. Шараға депутаттардан бөлек мүдделі мемлекеттік органдардың, халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, шетелдік сарапшылар қатысты.

Басқосуды ашып сөз сөйлеген Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев аталған институтты енгізудің өзектілігіне тоқталды. «Заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі институтын енгізу Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін жүзеге асырудан туындайтын дүние. Атап айтқанда, біздің еліміз БҰҰ-ның екі конвенциясын ратификациялаған болатын. Оның бірі сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес конвенциясы болса, екіншісі трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі құжат», - деді Р.Мұқашев. Оның айтуынша, бұдан бөлек, аталмыш жаңа институтты енгізу 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстанның Құқықтық саясат тұжырымдамасында да қамтылып отыр. «Жалпы, Қаржы полициясы тарапынан әзірленген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты депутаттар тарапынан да, бизнес қоғамдастық тарапынан да үлкен сұрақтар туындап отыр. Сондықтан да, бұл бағытта тәжірибе жинақтаған елдердің сарапшыларын жұмысқа тартудың маңызы зор деп білемін», - деді Р. Мұқашев.

Естеріңізге сала кетейік, жиынға Австрия, Латвия, Молдова елдерінің сарапшылары қатысуда.