«Заңдылықты қамтамасыз етудегі қалалық және аудандық прокуратуралардың ролін көтеру» атты республикалық семинар өтеді - Астана

АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат - Бүгін  Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының дөңгелек залында «Заңдылықты қамтамасыз етудегі қалалық және аудандық прокуратуралардың ролін көтеру» тақырыбындағы екі күндік республикалық семинар-кеңестің жұмысы басталады.

Бұл тәуелсіз Қазақстан прокуратурасы тарихында аудандық буындағы прокурорлардың қатысуымен ұйымдастырылып отырған  республикалық деңгейдегі алғашқы семинар,  деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметінен.

 Семинар бағдарламасы алдағы кезеңдегі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберіндегі прокурорлық қадағалауды дамыту, прокуратураның алдын ала тергеу өндірісі, прокуратураның үйлестірушілік ролін арттыру, жедел-іздестіру қызметіндегі, тергеу мен анықтаудағы қадағалауды жүзеге асыру, прокурорлардың азаматтық, әкімшілік сот өндірістеріне қатысуы және тағы басқа мәселелерді қамтиды.

 Семинардың бірінші күнінде Прокурордың ар-намыс Кодексін және Прокурорлар қауымдастығының Жарғысын таныстыру рәсімі болады.

Семинар қорытындысы бойынша өңірлердегі прокурорлардың жұмыс сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар қабылданбақ.