Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты борышкер сот орындаушыға өзі келіп жолығуға мүдделі болады - Е. Шалабаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері сот орындаушылары соттың қарауына келмегені үшін 1400 борышкерді әкімшілік жазаға тарту істерін сотқа жолдады.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитетінің Атқару өндірісін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Ерлан Шалабаевтың айтуынша, азаматтар сот орындаушысынан шақыру қағазын алысымен, сотқа келіп кетуінің маңыздылығын назарға ала бермейді.

«Өкінішке қарай, бүгінгі таңда азаматтар сот орындаушының шақыру қағазы бойынша міндетті түрде келіп кетуінің маңыздылығын ескермейді. Өйткені атқарушылық жұмыстың барынша оңды шешілуіне тұлғаның іске саналы жауапкершілікпен қарауы негіз болады», - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңында атқарушылық іс жүргізу кезіндегі тараптардың құқықтары мен міндеттері анық белгіленген.

Биылғы қаңтар айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен бірқатар заңнамалық актілерге, оның ішінде қолданыстағы атқарушылық іс жүргізу туралы Заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгертулер енгізілді.

«Осылайша, борышкер сот орындаушыға атқарушылық іс аяқталғанға дейін айына бір рет, кейде басқа да мәселе бойынша жолығып тұруы қажет», - дейді Е. Шалабаев.

Оның мәліметінше, бұл ретте борышкердің сот орындаушыға жолықпауы атқарушылық іс жүргізу органдарының назарынан тыс қалмайтынын айтып кеткен жөн. «Мәселен, лауазымды тұлғаға жолықпау Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 521-бабы бойынша борышкердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына әкеп соғуы мүмкін», - деп түсіндіреді маман.

Егерде бұрын аталмыш баптың диспозициясымен бұл жайт жолығудан жалтару делінсе, яғни сот орындаушысы борышкердің әдейі жолығудан жалтаруын дәлелдеуге тиісті болса, бүгін келмегенінің өзі борышкерді Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 521-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартудың бірден бір жолы болып қарастырылатын болды.

«Бұл ретте аталмыш баптың санкциясымен сот орындаушысына, сот приставына атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша келмеу, сол сияқты айғақ беруден бас тарту немесе көрінеу жалған айғақтар беру - жеке тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің бірден үшке дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға бестен онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», - дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, осылайша, Кодекске және атқарушылық іс жүргізу заңнамасына енгізілген өзгерістер уәкілетті қызметкердің құзіретін біршама кеңейтті. Егерде бұрын сот орындаушы борышкерді іздеуге уақыты мен қаражатын жұмсайтын болса, бүгін заңнаманың өзгеруіне байланысты, керісінше борышкер сот орындаушыға келуге өзі мүдделі болады. Ал жолықпаған жағдайда ол әкімшілік жауапкершілікке тартылу мүмкін.

«Дегенмен, сот орындаушымен жолығудан жалтару фактісін мойындаудан бұрын, борышкердің дәлелді себептермен келе алмаған амалдары ескеріледі. Оған ауырған, жақын адамының (туысының) қайтыс болған жағдайында, жұмыс бабымен қызметтік іс-сапары, соғыс қимылдары, техногенді табиғат құбылыстары және т.б. жағдайлар жатады. Сондықтан көрсетілген баптың ережесімен азаматтар қолға берілген заңның барлық мүмкіндіктерін қолдана білу қажет», - дейді маман.