АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы Германияның Оффенбах қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан супер санаттағы ITF Juniors J500 турнирінің үшінші айналымына шықты.
Заңғар апта басында жаңартылған ITF Juniors рейтингісінде спорттық жолында алғаш рет 7-орынға көтерілген еді.
Аталған жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда чехиялық Якуб Шмейцкиді айқын басымдылықпен ұтты – 6:2, 6:1.
Заңғар Нұрланұлы ширек финалға шығу үшін ITF Juniors рейтингісінде 50-орындағы латвиялық Рихардс Нейманиспен таласады. Матч 7 мамыр күні орталық кортта өтеді.
Тағы бір қазақстандық Даниэль Тазабеков (77 ITF Juniors) алғашқы айналымда германиялық Нильс Мертгенстен (501 ITF Juniors) айласын асырған еді – 7:6 (7:5), 6:2.
Даниэль екінші кездесуінде аустриялық Тило Берманға жол берді – 4:6, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Германиядағы жасөспірімдер жарысын жеңіспен бастағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).