Заңғар Нұрланұлы Мысырдағы жарыста сенсация жасап, ширек финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF M15 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Бұған дейін осы додада ересектер арасында алғаш рет жеңіске жеткен қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 811-інші, жарыстың төртінші ракеткасы, таиландтық, 30 жастағы Вишайя Тронгчароенчайкулмен шеберлік байқасты.
Заңғар бірінші партияда айқын басымдылық танытты – 6:1.
Екінші сетте де сол қарқынынан танған жоқ – 6:3.
Осылайша, сенсация жасаған Заңғар Нұрланұлының ширек финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
З.Нұрланұлы жұптық сында да ширек финалда өнер көрсетеді. Ол ресейлік, 18 жастағы Артём Богомоловпен бірге бастапқы кездесуінде италиялықтар Лусиано Барбарино – Бальтазар Хусты ойсырата ұтты – 6:1, 6:1.
Сонымен қатар Заңғардың қарындасы, 12 жастағы Райана Нұрланқызы Аустриядағы екінші санаттағы Tennis Europe турнирін сәтті өткізуде. Ол іріктеу сайыстарынан бастап, қазірдің өзінде жартылай финалға дейін жетті.
Райана ширек финалда Аустрияның 12 жасқа дейінгілер арасында екінші ракеткасы Нора Вукотичті қапы қалдырды – 6:3, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жастағы Заңғар Нұрланұлының ересектер арасында алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.