Заңғар Нұрланұлы «Ролан Гаррос» турнирін жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — 17 жасар қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы Франция ашық чемпионатының алғашқы айналымынан сүрінбей өтті, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Фото: ҚТФ

Старттық матчта отандасымыз ұлыбританиялық Марк Чебанмен (ITF жасөспірімдер рейтингінде 36-орын) шеберлік байқасты. Кездесу барысын толықтай бақылауда ұстаған Заңғар 6:3, 6:4 есебімен екі сетте сенімді жеңіске жетті. Корттағы тартысты бәсеке 1 сағат 37 минутқа созылды.

Осы табысының арқасында Нұрланұлы Париждегі Үлкен дулыға турнирінің 1/16 финалына жолдама алды.

Жасөспірімдер арасындағы доданың келесі кезеңінде қазақстандық теннисші Мотохару Абе (Жапония) — Агасси Рашер (АҚШ) матчының жеңімпазымен кездеседі.

Бұдан бұрын жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина Франция ашық чемпионатындағы жолын сәтті бастағанын жазғанбыз.