Заңғар Нұрланұлы туған жерінде шеберлік сағатын өткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдегі үздік жас теннисшілердің бірі, ITF Juniors рейтингісінде 10-орындағы Заңғар Нұрланұлы Шымкенттегі ATP Challenger 50 турнирі қарсаңында туған жері — Түркістанда болды.
Сапар барысында Заңғар жас теннисшілер үшін шеберлік сағатын өткізді: кортта балалармен жұмыс істеді, кәсіби кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ әрқайсысына көңіл бөліп, суретке түсті, қолтаңба қалдырып, балғын спортшылардың сауалдарына жауап берді.
Теннис орталығы жанында ағаш отырғызу сапардың ерекше сәтіне айналды.
Бұдан бөлек, Заңғар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, өңірдің тарихи және рухани мұрасына құрмет көрсетті.
Сапар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесумен тәмамдалды, оның барысында теннисті дамыту және өңірде жас спортшыларды қолдау мәселелері талқыланды.
— Мен балалармен сұхбат құрып, олардың шынайы әсері мен тенниске деген қызығушылығын сезіп-білгеніме өте қуаныштымын. Түркістанда, үйде үнемі бола бермеймін, сондықтан мұндай сәттер ерекше ыстық. Бұл маған қосымша күш беріп, Шымкенттегі турнир алдында шабыт үстейді, — деп атап өтті Заңғар Нұрланұлы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан құрамасының әлемдік рейтингіде 7-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Оңтүстік Кореядағы турнирде бастапқы қарсыласын камбэкпен жеңді.