НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Tennis Europe (TE) ұйымы алдағы жылы күзде Монте-Карлода өтетін Junior Masters турниріне орай жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Заңғар Нұрланұлы 14 жасқа дейінгілер арасында 255 ұпаймен көш бастады.
З.Нұрланұлы 2021 жылы TE сериясы бойынша өткен алты жарысқа қатысып, жекелей сында соның екеуінде жеңімпаз атанды.
Осы жастағылар арасында сондай-ақ қазақстандықтар Демид Горбачев (36-орын) пен Даниэль Тазабеков (45-орын) үздік елулікке кірді.
Junior Masters - ірі спорттық іс-шара, оған Еуропадағы 14 және 16 жасқа дейінгілер арасындағы ең мықты теннисшілер (8 бозбала, 8 қыз) қатысады. Кезінде осы додада Рафаэль Надаль, Ким Клейстерс, Александр Зверев, Белинда Бенчич секілді теннисшілер чемпион атанған. Жарыс Монте-Карлодағы атақты топырақ төсенішіндегі корттарда өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын үш қазақстандық теннисшінің жастар арасында Аустралия ашық біріншілігінде өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).